1) Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарының құрылыс объектілерін жобалау және салу және құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өту үшін рұқсат беру құжаттарын беруді тоқтата тұру;
2) ерекше режим қолданысқа енгізілген күнге дейін жобалау және салу үшін рұқсат беру құжаттары алынған және (немесе) құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерінен өткен құрылыс объектілерінің салынуын тоқтата тұру (осы бапта бұдан әрі - рұқсат беру құжаттары);
3) Кеңестің шешімінде көзделген өзге де шаралар енгізілуі мүмкін.
2. Ерекше режим енгізілген перспективалық игеру аумағында орналасқан жер учаскелеріне қатысты рұқсат беру құжаттары валидациялау рәсіміне жатады.
Валидациялау меншік иелері және (немесе) жер пайдаланушылар рұқсат беру құжаттарының ұзақ мерзімді жоспарға және (немесе) мастер-жоспарға сәйкестігін растау үшін осы Конституциялық заңның 67-бабының 14-тармағында көзделген хабарламаны алғаннан кейін жүргізіледі. Валидациялау әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалатын тәртіппен жүргізіледі.
3. Осы Конституциялық заң қолданысқа енгізілгенге дейін әзірленген қала құрылысы жобалары сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осы Конституциялық заңға сай әзірленген Алатау қаласының қала құрылысын жоспарлау құжаттары қабылданғанға дейін қолданылады.
4. Меншік иелеріне немесе жер пайдаланушыларына ерекше режимнің қолданысқа енгізілуіне байланысты келтірілген залалдар жіберіп алынған пайданы қамтымайды және бюджет қаражатынан өтелуге жатады. Бұл ретте валидациялау рәсімінен өтпеген және ерекше режим енгізілгеннен кейін жаңа құрылысты, бұрыннан бар құрылыс объектісін кеңейтуді, жаңғыртуды, техникалық қайта жарақтандыруды, реконструкциялауды, реставрациялауды және (немесе) күрделі жөндеуді жүзеге асырған меншік иесі және жер пайдаланушы осындай құрылыс объектілерін кейіннен кәдеге жаратуға (сүруге) арналған шығыстарды көтереді.
84-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
84-бап. Жер қатынастары мәселелері жөніндегі өтпелі ережелер
1. Осы Конституциялық заңның жер қатынастарын реттейтін ережелері қолданысқа енгізілгенге дейін жасалған Алатау қаласындағы жер учаскелерін уақытша өтеусіз жер пайдалану шарттары мен уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шарттары ұзартылмайды және өздерінің қолданылу мерзімі өткенге немесе уақытша өтеусіз жер пайдалану немесе өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығы осы Конституциялық заңда көзделген негіздер бойынша тоқтатылғанға дейін қолданыста болады.
Осындай жер пайдаланушылармен жаңа мерзімге шарттар жасасуды әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде, сондай-ақ осы баптың 4-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайларда әкімшілік жүзеге асыруы мүмкін.
2. Алатау қаласында жер қатынастарын реттеу бөлігінде мынадай шаралар көзделеді:
1) осы баптың 4-тармағында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, Алатау қаласында жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсетуді тоқтата тұру;
2) осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәселелерді шешу үшін Алатау қаласы әкімдігінің жанынан Алатау қаласы әкімдігінің және әкімшіліктің өкілдерінен тұратын, өкілеттік мерзімі 2029 жылғы 30 маусымға дейін болатын уақытша комиссия (бұдан әрі осы бапта - комиссия) құру;
3) Алатау қаласында жер қатынастары саласында мемлекеттік қызметтер көрсету шеңберінде 2026 жылғы 1 шілдеге дейін берілген құжаттар комиссия осы баптың 4 - 9-тармақтарына сәйкес осындай құжаттар бойынша шешім қабылдағанға дейін қолданылады;
4) Кеңестің шешімінде көзделген өзге де шаралар.
Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген құжаттары бар жеке және заңды тұлғалар комиссияға жүгінеді және комиссияның шешімімен айқындалған тәртіппен және тізбе бойынша құжаттарды ұсынады.
3. Комиссия Кеңестің шешімімен осы баптың 2-тармағы бірінші бөлігінің 2) тармақшасында көрсетілген оның өкілеттік мерзімі өткенге дейін таратылуы мүмкін.
4. Комиссия мынадай мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды:
1) осы Конституциялық заңның 69-бабының 10-тармағына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілерін танылатын мүлік ретінде айқындау;
2) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың Алатау қаласында жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетуге арналған өтініштерін қарау;
3) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жекелеген санаттарына Алатау қаласында жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсетуді қайта бастау;
4) Алатау қаласындағы жер учаскелерін уақытша өтеусіз жер пайдалану шарттарын және уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шарттарын жасасу;
5) Алатау қаласында жер қатынастарын реттеуге байланысты, комиссияның өкілеттіктеріне жатқызылған өзге де мәселелер.
5. Осы баптың 2 және 4-тармақтарында көзделген ережелер Алатау қаласының әкімдігі және (немесе) Қазақстан Республикасының өзге де уәкілетті мемлекеттік органдары іске асыратын құрылыс жобаларына қолданылмайды.
6. Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде мыналар айқындалады:
2) осы Конституциялық заңның 69-бабының 10-тармағында көзделген жағдайларда жылжымайтын мүлік объектісін танылатын мүлік ретінде, сондай-ақ танылатын мүліктің меншік иелері деп танылатын адамдарды айқындау тәртібі мен мерзімдері;
3) осы баптың 4-тармағында көрсетілген мәселелерді қарау және шешу мақсатындағы жер қатынастарын реттеу тәртібі;
4) Кеңестің шешімімен комиссияның өкілеттігіне жатқызылған өзге де мәселелер.
7. Комиссияның өз өкілеттіктеріне жатқызылған мәселелер бойынша қабылданған шешімдерін осы баптың 9-тармағында көзделген жағдайларда Алатау қаласының әкімдігі, әкімшілік, әкімшіліктің органдары, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдары мен ұйымдар, сондай-ақ өзге де әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары орындауға міндетті.
Алатау қаласы әкімінің, әкімшіліктің, әкімшілік органдарының, Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарының және ұйымдардың, сондай-ақ өзге де әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдарының актілері комиссия шешімінің негізінде қабылданады.
8. Комиссия осы Конституциялық заңның 69-бабының 10-тармағында көзделген жағдайларда жылжымайтын мүлік объектілерін танылатын мүліктің құрамына енгізу туралы шешім қабылдаған жағдайда, мұндай мүліктің нарықтық құны және оны өтеу тәртібі осы Конституциялық заңның 69-бабына сәйкес айқындалады.
9. Комиссия Алатау қаласынан тыс жерде жер учаскесіне құқық беру туралы шешім қабылдаған жағдайда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары осы Конституциялық заңның 27-бабында көзделген жәрдемдесу тәртібімен жер учаскесіне осындай құқық береді.
Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті атқарушы органдары осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жағдайда жер учаскесіне құқық беру үшін мемлекет меншігіндегі жерлердегі жер учаскелерін резервке қояды.
10. Алатау қаласындағы жеке тұрғын үй құрылысы үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының жер учаскелерін алуға бұрын қалыптастырылған кезегі тоқтатылуға (таратылуға) жатады.
2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін облыстардың жергілікті атқарушы органдары осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнге дейін Алатау қаласының шегінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін меншігіне тегін алуға кезекте тұрған Қазақстан Республикасының азаматтарына тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін меншігіне тегін алуға арналған кезекте (бастапқы өтінімнің уақыты мен күнін, елді мекеннің санатын ескере отырып) теңдес орындар берілуін қамтамасыз етеді.
Мұндай жағдайларда арнайы есепке қою және кезекте теңдес орынды беру тәртібі жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның осы Конституциялық заңның 27-бабына сәйкес қабылданатын нормативтік құқықтық актісінде айқындалады.
85-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
85-бап. Алатау қаласында негізгі бизнесті жүзеге асыратын жеке тұлғалар туралы өтпелі ережелер
1. Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті жүзеге асыратын жеке тұлғалар осы Конституциялық заңның 39-бабы қолданысқа енгізілгенге дейін Алатау қаласының аумағында аталған негізгі бизнесті көрсетілген бап қолданысқа енгізілген күннен бастап екі жыл ішінде жүзеге асыруға құқылы.
Көрсетілген өтпелі кезең өткен соң жеке тұлғалардың Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті жүзеге асыруына бизнес-лицензиясы болған жағдайда ғана жол беріледі.
2. Жеке тұлғалардың Алатау қаласының аумағында негізгі бизнесті бизнес-лицензиясыз жүзеге асыруы жауаптылық шараларын және әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінде көзделген, осы Конституциялық заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған өзге де шараларды қабылдауға алып келеді.
86-бап (2-тармақты қоспағанда) 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
86-бап. Алатау қаласында және оның қала маңындағы аймағында кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіру туралы өтпелі ережелер
1. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнге дейін жасалған, Алатау қаласында және оның қала маңындағы аймағында уақытша жер пайдалануға берілген жер учаскелері шегінде орналасқан жер қойнауы учаскелерінде кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізуді көздейтін жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар мен лицензиялар өз қолданысын сақтайды.
Көрсетілген келісімшарттар мен лицензиялардың қолданылу мерзімі ұзартылуға жатпайды.
86-баптың 2-тармағы 2026 ж. 20 мамырдан бастап қолданысқа енгізілді
2. Осы Конституциялық заң алғашқы ресми жарияланған күнге дейін жер учаскелеріне жер пайдалану құқығы берілмеген (ресімделмеген) жер қойнауын пайдалану құқықтары осы Конституциялық заңның 49-бабының ережелеріне сәйкес келмеуіне орай тоқтатылды деп есептеледі.
3. Осы баптың 1-тармағында көзделген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар мен лицензиялар бойынша жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы сомаларына мынадай арттыру коэффициенттері белгіленеді:
1) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап - 20;
2) 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап - 40;
3) 2029 жылғы 1 қаңтардан бастап - 60.
4. Әкімшілік Кеңестің шешімі бойынша осы баптың 1-тармағында көзделген жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар мен лицензиялар бойынша жер учаскелерін пайдаланғаны үшін өзге де төлемақы мөлшерлемелерін белгілеуге құқылы.
5. Осы баптың 1-тармағында көзделген лицензиялар мен келісімшарттар бойынша жер қойнауын пайдалану құқықтары тоқтатылған кезде олардың иелері мастер-жоспарға сәйкес, ал ол болмаған жағдайда - Алатау қаласының бас жоспарына сәйкес бүлінген жерлерді одан әрі нысаналы пайдалану үшін қалпына келтіруге бағытталған бүлінген жерлерді рекультивациялау жұмыстарын қамтамасыз етуге міндетті.
Көрсетілген рекультивациялау, өзге жұмыстардан басқа, жер жұмыстарын, топырақтағы арнаулы жұмыстарды орындауды, жергілікті жер бедеріне (ландшафтқа) сәйкес келтіруді қамтуға тиіс. Рекультивациялау нәтижелерін және оның тиісінше жүргізілуін тексеруді Кеңес айқындайтын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы жүзеге асырады.
87-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
87-бап. Әкімшіліктің жекелеген функцияларын уақытша беру
1. Әкімшіліктің жекелеген іске асыру және (немесе) бақылау функцияларын әкімшілік Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарына уақытша беруі мүмкін.
Әкімшілік жекелеген іске асыру функцияларын квазимемлекеттік сектор субъектілеріне уақытша беруге де құқылы.
2. Әкімшіліктің жекелеген іске асыру және (немесе) бақылау функцияларын уақытша беру Кеңес шешімінің негізінде әкімшіліктің актісімен жүзеге асырылады, онда тиісті квазимемлекеттік сектор субъектілері, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, берілетін функциялардың көлемі, оларды жүзеге асыру тәртібі мен шарттары, сондай-ақ осындай берудің мерзімі айқындалады.
3. Уақытша беру мерзімі үш жылдан аспауға тиіс.
4. Егер осы бапта көзделген әкімшіліктің жекелеген функцияларын уақытша беруді іске асыру үшін Қазақстан Республикасының құқықтық актілерін қабылдау талап етілсе, мұндай актілер осы Конституциялық заңның 27-бабында көзделген жәрдемдесу тәртібімен қабылдануы мүмкін.
5. Квазимемлекеттік сектор субъектілері және Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары өздеріне уақытша берілген функцияларды әкімшіліктің атынан жүзеге асырады және берілген функциялар шегінде олар қабылдаған шешімдер әкімшіліктің шешімдері болып есептеледі.
Уақытша берілген функцияларды жүзеге асыру кезінде аталған субъектілер мен мемлекеттік органдар осы Конституциялық заңның және оны іске асыру үшін қабылданған әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілерінің ережелерін қолданады.
6. Уақытша берілген функцияларды жүзеге асыратын квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағымдарды әкімшілік қарайды.
7. Жекелеген функцияларды уақытша беру әкімшіліктің уақытша беру туралы актісінде айқындалған күні не әкімшілік тиісті квазимемлекеттік сектор субъектісіне және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына осындай беруді тоқтату туралы хабарлама жіберген күннен бастап мерзімінен бұрын тоқтатылады.
8. Әкімшіліктің жекелеген функцияларды уақытша беру туралы актілері, сондай-ақ осындай беруді тоқтату туралы хабарламалар әкімшіліктің интернет-ресурсында орналастырылуға тиіс.
88-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
88-бап. Қазақстан Республикасының өзге де мемлекеттік органдарымен келісілетін әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері туралы өтпелі ережелер
1. Осы Конституциялық заңға сәйкес Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен келісілетін әкімшіліктің нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының мемлекеттік органына нормативтік құқықтық актінің жобасы келісуге жіберілген күннен бастап он екі ай ішінде қабылдануға тиіс.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген мерзімдер өткен және Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органымен келісудің болмауына байланысты әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісі қабылданбаған жағдайларда, әкімшілік Кеңестің шешімі бойынша коғамдық қатынастардың тиісті саласын реттейтін уақытша нормативтік құқықтық актіні дербес қабылдауға құқылы.
Көрсетілген нормативтік құқықтық акт қолданысқа енгізілген күннен бастап жиырма төрт айдан аспайтын мерзімде қолданылуы мүмкін.
3. Егер әкімшіліктің уақытша нормативтік құқықтық актісін қолдану практикасын талдау нәтижелері бойынша ол енгізген реттеу Қазақстан Республикасының қаржы жүйесі не өзге де жария мүдделері үшін елеулі теріс салдарға алып келгені анықталса, Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органы әкімшіліктің уақытша нормативтік құқықтық актісінің қолданысын тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық акт шығаруға құқылы.
4. Әкімшіліктің уақытша нормативтік құқықтық актісінің қолданысы тоқтатыла тұрған жағдайда, әкімшілік және Қазақстан Республикасының тиісті мемлекеттік органы тиісті нормативтік құқықтық актінің жобасын келісу рәсімін жалғастырады, ол осындай тоқтата тұру күнінен бастап он екі айдан аспайтын мерзімде аяқталуға тиіс.
Егер көрсетілген мерзім өткен соң келісуге қол жеткізілмесе, Кеңес Алатау қаласында қатынастардың тиісті саласын одан әрі реттеу туралы шешім қабылдайды.
89-бап 2026 ж. 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі
89-бап. Әкімшіліктің қызметін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі жекелеген өтпелі ережелер
1. 2026 жылғы 15 шілдеге дейін Қазақстан Республикасының Үкіметі:
1) әкімшіліктің қызметін 2026 жылы, оның ішінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві есебінен Кеңестің шешімімен айқындалған көлемде қаржыландыруды;
2) әкімшіліктің қызметін қаржыландыру үшін түсімдер мен шығыстардың бюджеттік сыныптамасының кодтарын беруді;
3) республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі ретінде әкімшіліктің бюджеті бойынша операцияларды жүргізу үшін қолма-қол ақшаның жеке қазынашылық шотын ашуды қамтамасыз етеді.
2. Алматы облысының әкімдігі Алатау қаласының білім беру шығыстарын қаржыландыруды қаражат аудару арқылы, оның ішінде Кеңестің шешімі бойынша әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісінде айқындалған берілетін функциялар мен мерзімдерге сәйкес Алатау қаласының жергілікті бюджетіне жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде қаржыландыруды қамтамасыз етеді.
3. Осы Конституциялық заңның 34-бабында көзделген әкімшіліктің нормативтік құқықтық актісі қолданысқа енгізілгенге дейін әкімшілік әкімшіліктің бас атқарушы директорының бұйрығымен бекітілген рәсімдерге сәйкес тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.
4. Кеңес әкімшілік туралы ережені бекіткен күннен бастап әкімшілік арнаулы басқару ұйымының ұйымдық-құқықтық нысанында қайта құрылады.
Көрсетілген қайта құру:
1) осы Конституциялық заңға орай жүзеге асырылады;
2) әкімшілік кредиторларының келісімін талап етпейді;
3) әкімшілікпен жасалған шарттарды өзгерту немесе бұзу үшін негіз болмайды және осындай шарттар мен міндеттемелер бойынша құқықтар мен міндеттерді тоқтатуға алып келмейді.
Әкімшілік қайта құрылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде көрсетілген мәліметтерді Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне енгізу үшін әділет органдарына өзінің қайта құрылғаны туралы құжаттар мен мәліметтерді ұсынады.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі көрсетілген мәліметтерді алған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізіліміне олардың енгізілуін қамтамасыз етеді.
90-бап. Осы Конституциялық заңды қолданысқа енгізу тәртібі
Осы Конституциялық заң:
1) алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он жұмыс күні өткен соң қолданысқа енгізілетін 81-баптың 1-тармағын және 86-баптың 2-тармағын;
2) 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1, 2, 3, 4, 5, 6 және 7-баптарды, 8-баптың 1-тармағының 2), 5), 6), 7) және 8) тармақшаларын және 2-тармағын, 10, 13, 14, 15, 16, 17 және 18-баптарды, 19-бапты (4-тармақты қоспағанда), 20, 21 және 22-баптарды, 24-бапты (7-тармақтың 4) тармақшасын қоспағанда), 26, 27 және 28-баптарды, 29-баптың 1, 2, 3, 4 және 5-тармақтарын, 6-тармағының бірінші және екінші бөліктерін, 7, 8, 9, 10, 11 және 12-тармақтарын, 30-бапты, 34-бапты (әкімшілік пен оның органдарына қатысты бөлігінде), 35 және 36-баптарды, 37-баптың 1-тармағын, 49-бапты, 51-баптың 1 және 2-тармақтарын, 54 және 57-баптарды, 61-баптың 3-тармағының екінші бөлігін, 67-баптың 8, 13 және 14-тармақтарын, 69, 72, 77, 78, 79 және 80-баптарды, 81-бапты (1-тармақты қоспағанда), 82, 83, 84 және 85-баптарды, 86-бапты (2-тармақты қоспағанда), 87, 88 және 89-баптарды;
3) 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 23 және 25-баптарды, 29-баптың 6-тармағының үшінші бөлігін, 33, 38, 39, 40, 41, 42, 43, 44, 45, 46, 47, 48, 50, 55 және 60-баптарды, 61-баптың 1 және 2-тармақтарын, 3-тармағының бірінші бөлігін және 4-тармағын, 62, 63 және 64-баптарды, 67-баптың 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 9, 10, 11, 12, 15 және 16-тармақтарын, 68, 70, 73, 74, 75 және 76-баптарды қоспағанда, 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. ТОҚАЕВ
Астана, Ақорда, 2026 жылғы 8 мамыр
№ 286-VIII ҚРЗ